Азаттық радиосы

Қазақстанда парламент сайлаулары қалай өтті?

Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

Қаз. 22, 2020

Қазақстанда 2021 жылдың 10 қаңтарында парламент пен жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтеді.

Мемлекетті отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетіп, ол қызметке Қасым-Жомарт Тоқаев сайланғалы бергі алғашқы парламент сайлауы заңда белгіленген мерзімінде өтпекші.

Парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауына елде ресми тіркелген алты партия қатыса алады. Заңға сәйкес, мәжілістің 107 депутатының 98-ін партиялық тізім бойынша төте дауыс беру жолымен сайлаушылар, тоғызын – Назарбаев басқаратын Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымы сайлайды.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бері елде жеті рет парламент сайланды. Оның көбі өкілеті аяқталмай жатып таратылды. Олар қай уақытта, қалай өткен еді? Қандай ерекшеліктері болды? Азаттық шолып шықты.

1994 ЖЫЛ: ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ

1994 жылдың 7 наурызында өткен Жоғарғы кеңес сайлауы нәтижесінде жалғыз палаталы парламентке бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсынған – 59, қоғамдық ұйымдардан – 75 және президенттік тізім бойынша 42 депутат бес жыл мерзімге сайланды. 1993 жылы 17 желтоқсанда қабылданған «Сайлау туралы» кодекс бойынша өткізілген сайлауға бірнеше саяси партия мен қоғамдық ұйым қатысты. «Азат» пен «Желтоқсан» тәрізді кей ұйымдар сайлауға бойкот жариялады.

Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин (оң жақта) мен вице-президент Ерік Асанбаев (сол жақта) Жоғарғы кеңес төралқасында отыр. Мінберде - Қазақстан сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 1992-93 жылдары түсірілген фото.

Ресми билік сайлау ашық, демократия талаптарына сәйкес өтті деп мәлімдеді. Оппозиция мен халықаралық бақылаушылар сайлаудың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы стандарттарына, Сайлау туралы хартия талаптарына сай болмағанын атап көрсетті:

Сайлау нәтижесінде ел тарихында алғаш рет көппартиялы кәсіби парламент дүниеге келді. Жоғарғы кеңесте Қазақстан халық бірлігі одағы, Қазақстан халық конгресі партиясы, Социалистік партия, Кәсіподақтар федерациясы фракцияларынан бөлек 14 депутаттық топ болды. Тағы бір ерекшелігі – алғаш рет парламенттік оппозиция қалыптасты. Қазақстан халық конгресі партиясы, Социалистік партия мен Кәсіподақтар федерациясы фракциялары депутаттары құрған «Прогресс» тобы үкіметтен Халықаралық валюта қоры ұсыныстарынан бас тартуын талап етті.

Тұңғыш кәсіби парламент жұмысқа кіріскеннен кейін бір айдан соң Сергей Терещенко үкіметінің әлеуметтік-саяси саясатына сенімсіздік білдірді, күзде үкімет отставкаға кетті.

Конституциялық сот сайлау заңнамасының кейбір нормалары Конституцияға сай емес деп шешім шығарған соң, Жоғарғы кеңес заңсыз сайланған деп танылып, 1995 жылдың наурызында парламент пен үкімет таратылды. Қазақстан халық конгресі партиясы фракциясының жетекшісі Олжас Сүлейменов бастаған бір топ депутат «Конституциялық сот құқықтық емес, саяси шешім шығарды» деп мәлімдеді. Мұның астарында атқарушы биліктің қосымша өкілеттікке ие болу мақсаты жатқанын айтқан олар, Қазақстан демократиялық бағыттан тайып, биліктің бір тармағының ығына жығылатын жолға түсті деген баға берді.

Парламент таратылған соң Қазақстанда 1995 жылы 29 сәуірде президенттің қызмет өкілетін 2000 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өтті (1991 жылы 1 желтоқсанда балама кандидатсыз өткен сайлауда Назарбаев бес жыл мерзімге президент болып сайланған). Референдумның ресми қорытындысы бойынша, дауыс берген азаматтардың 95 пайызы Назарбаевтың өкілетін ұзартуды қолдаған.

Парламентті таратып, заң шығару қызметін өзіне алған президент жаңа Конституция жобасын әзірлеп, оны жалпыхалықтық референдумге шығару, сайлау туралы конституциялық жаңа заң қабылдау және басқа маңызды мәселелер бойынша заң күші бар жарлықтар шығарды.

1995 ЖЫЛ. ПРЕЗИДЕНТ БИЛІГІН КҮШЕЙТКЕН КОНСТИТУЦИЯ, ҚОС ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ

1995 жылы 30 тамызда референдум арқылы қабылданған (ресми мәліметке сай, сайлаушылардың 89 пайызы қолдаған) жаңа Конституция бойынша, елде президенттің өкілеті кеңейтіліп, қос палата – мәжіліс пен сенаттан тұратын парламент сайланатын болды. Бұған қоса президент өзі премьер-министр қызметіне ұсынған кандидатты бекітуден бас тартқан парламентті тарату құқығына ие болды, Конституциялық сот жойылды.

Бірінші шақырылымдағы парламент сайлауы 1995 жылы 9 желтоқсанда мажоритарлық жүйе бойынша өтті. Мәжілістегі 67 орынға бір мандатты округтен сайлауға түсіп, жеңіске жеткендер арасында бірнеше партия мен қоғамдық ұйым өкілдері болды. Ең көп орынды президентті қолдайтын партия иеленді:

1998 жылы 7 қазанда парламент Конституцияға сайлау жүйесі мен парламент құрамын өзгерту туралы түзетулер енгізді. Сайлаушылардың елу пайыздан астамы дауыс беруге қатысқанда ғана сайлау өтті деп танылады деген бап алынып тасталды. Мәжiлiске бір мандатты округтерден 67 депутатқа қоса тағы он депутат жалпыұлттық сайлау округi аумағы бойынша партиялық тiзiм негiзiнде сайланатын болды. Бұған қоса сенат депутатының өкілеті – 6 жыл, мәжіліс депутатыныкі – 5 жыл болып белгіленді. Конституциялық кеңес бұл өзгерту бірінші шақырылымдағы мәжіліс депутаттарына қолданылмайды деп түсіндірді.

1999 ЖЫЛ. ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМ БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ САЙЛАУ

1999 жылы қазанда екінші шақырылымдағы парламент сайлауына тоғыз саяси партия мен Қазақстан кәсіподақтары федерациясы қатысты. Бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин құрған «Қазақстанның республикалық халық партиясы» сайлауға екі аптадан аз уақыт қалғанда бойкот жариялады. Оппозициялық партия Орталық сайлау комиссиясының партия тізіміндегі екі кандидатты – Әкежан Қажыгелдин мен Жұмысшылар қозғалысының жетекшісі Мәдел Исмаиловты тіркемей қойғанына, партия мүшелеріне қысым, кедергі мен қоқан-лоқының үдеуіне наразылық ретінде сайлауға қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.

Қарттар үйге келген комиссия мүшелері ұсынған бюллетень арқылы дауыс беріп жатыр. Қорғалжың. 1999 жылдың қазаны.

Екі кезеңнен (қазанның 10-ы мен 24-і) тұрған парламент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, билікті қолдайтын екі партия өзгелерден озды. Парламенттен ең көп орынды Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылы қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауына қатысқанда құрылған сайлау штабының негізінде дүниеге келген «Отан» партиясы иеленді.

Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауы заңға сай өтті деп жариялады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау жөніндегі миссиясы сайлауалды науқан кезінде және дауыс беру барысында заңбұзушылық фактілері тіркелгенін айтып, сайлаудың халықаралық стандарттарға сай өтпегенін мәлімдеді.

Халықаралық бақылаушылар атаған кемшіліктер:

«Демократиялық күштер форумын» құрған оппозициялық партиялар билікке сайлауды қайта өткізу туралы талап қойып, Еуропа одағы, ЕҚЫҰ, Батыс пен ТМД елдері үкіметтерін Қазақстандағы парламент сайлауының ресми қорытындысын мойындамауға үндеді. ДФК-ның елде оппозициялық күштермен Ұлттық диалог өткізу туралы ұсынысын билік елеусіз қалдырды.

2004 ЖЫЛ. «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНА ТИГЕН ЖАЛҒЫЗ ОРЫН

2004 жылы қыркүйекте екі кезеңде өткен парламент сайлауына 12 партия қатысты. Президенттік «Отан» партиясының жеті кандидаты партиялық тізім бойынша, 35 өкілі бір мандатты округ арқылы парламентке өтті. Билікті қолдайтын Аграрлық және Азаматтық партиялар АИСТ (еңбекшілердің аграрлы-индустриалды одағы) сайлау блогына бірігіп, жаңа парламенттен партиялық тізім бойынша бір орын, бір мандатты округтерден жеті орын иеленді. Саясатқа жаңадан қосылған ұйым – президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева құрған «Асар» партиясы парламенттен төрт орын (біреуі партиялық тізім бойынша) алды.

+Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева құрған "Асар" партиясының үгіт-насихат шарасы. 2004 жылдың қыркүйегі

«Қазақстанның демократиялық партиясы» жаңа парламенттен бір орын иеленді.

Сайлауға қатысқан «Ақ жол» партиясы партиялық тізім бойынша саяси бәсекеде екінші орынға шыққанымен, парламентке бір ғана кандидаты өтті. Бір мандатты округтерде үміткерлерінің жолы болмаған партияның басшылығы арасында сайлаудан кейін көп ұзамай жік туып, саяси ұйым екіге жарылды.

Оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясы мен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы – «Коммунистер мен ҚДТ оппозициялық халықтық одағы» блогына бірікті.

Сайлауға дейін қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заң партия тіркеуден өтуі үшін кемінде 50 мың мүшесі болуы тиіс деген талап енгізді. Оппозициялық «Қазақстанның республикалық халықтық партиясы», «Азамат» демократиялық партиясы мен басқа бірнеше партия наразылық ретінде сайлауға қатысудан бас тартты.

2007 жылы маусымда президент Назарбаев үшінші шақырылымдағы парламентті таратып, елде кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы жарлық шығарды.

2007 ЖЫЛ. ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМ БОЙЫНША САЙЛАУҒА ТОЛЫҚ КӨШУ

2007 жылы мамырда Конституцияға кезекті өзгерістер енгізілген соң, Қазақстан азаматтарының парламент сайлауына өзін өзі кандидат етіп ұсыну мүмкіндігі жойылды. 107 депутаттан құралатын мәжіліске тек партия тізімі бойынша (пропорционалды) сайлау жүйесі енгізілді. Депутаттардың 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады деп белгіленді.

Билік елдің сайлау жүйесіндегі жаңа ереже партиялардың ролін арттырып, көппартиялық саяси жүйені жетілдіру мақсатында жасалды деп түсіндірді. Сыншылар болса, билік өзін қолдайтын саяси партияларды ғана тіркеуден өткізіп, оппозицияны парламентке жолатпай, жолын жауып жатыр деп мәлімдеген.

2007 жылғы сайлау алдындағы жарнама плакаттары. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы.

2007 жылы тамызда жаңа ереже бойынша өткен сайлауға қатысқан жеті партияның арасынан парламентке өтуге қажет 7 пайыздық межені тек біреуі ғана еңсерді – президенттік «Нұр Отан» (бұрынғы «Отан») партиясы мәжілістегі 98 орынды түгелдей иеленді. 9 депутат президент Назарбаев төрағалық ететін кеңесші орган – Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланды.

Халықаралық ұйымдар парламент сайлауы демократиялық принциптер мен халықаралық стандарттарға сай емес деп сынады.

2011 жылы 16 қарашада Назарбаев төртінші шақырылымдағы парламентті де таратып, елде кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

2012 ЖЫЛ. ЖАҢАӨЗЕН ҚЫРҒЫНЫНАН КЕЙІНГІ САЙЛАУ

2012 жылы 15 қаңтарда өткен парламент сайлауына ресми тіркелген жеті саяси партия қатысты. Бұл сайлау 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан ереуілін полиция оқ атып таратқаннан кейін іле-шала өтті. Ресми мәлімет бойынша, 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған Жаңаөзенде төтенше жағдай жарияланып, сайлау өткен жоқ.

Оппозициялық күштерден экс-спикер Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға түсті. Бірнеше жыл бойы әділет министрлігінде ресми тіркеуден өте алмай жүрген оппозициялық «Алға» партиясы бұл жолы да сайлауға қатыса алмады. Партия лидері Владимир Козлов сайлау өткеннен кейін Жаңаөзен оқиғасына байланысты тұтқындалып, кейін «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталды.

Орталық сайлау комиссиясы 7 пайыздық межені еңсерген билікшіл үш партияның парламентке өткенін жариялады:

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары наурызда жариялаған есебінде дауыс беруге сайлаушылардың әдеттен тыс көп қатысуы күмән туғызғанын, облыстық және аумақтық сайлау комиссияларын құру ашық өтпегенін, олардың құрамына оппозиция өкілдерін алмай қойғанын атап көрсетті. Бұған қоса саяси партияларға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын БАҚ-тан уақыт бөлуде кемшіліктер болғанын айтты.

Парламентке өтпеген оппозициялық партиялар сайлауда жеңіске жеткен "Нұр Отан" партиясының үгіт-насихат қағазын өртеп жатыр. Алматы. 17 қаңтар 2012 жыл.

Бесінші шақырылымдағы парламент те өкілеті аяқталмай жатып, 2016 жылы 20 қаңтарда президенттің жарлығы бойынша таратылды.

2016 ЖЫЛ. ДЕЖАВЮ

2016 жылы 20 наурызда бес жыл мерзімге сайланған алтыншы шақырылымдағы парламентке осының алдындағы мәжілісте болған билікті қолдайтын үш саяси партия қайта өтті. Олардың парламенттен алған орны да өткен жолғыдай болды:

Қалған үш партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл» партиясы мен «Бірлік» партиясы жеті пайыздық межеден өте алмады.

2016 жылғы сайлауда дауыс беруге келген полицей.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанда бұған дейін өткен барлық сайлауды халықаралық стандарттарға сай емес деп атаған. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін мүше болып қабылданған бұл халықаралық ұйымға осыдан он жыл бұрын бір жыл төрағалық еткен.

ЖЕТІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМДАҒЫ ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қазанда алдағы жылы 10 қаңтарда парламент мәжілісі мен жергілікті депутаттар сайлауын өткізу туралы жарлық шығарды. Бұл жолы мәслихат сайлауы да алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізіледі. Сайлауға түсуге тілек білдірген азамат тіркелген алты партияның бірінің атынан ғана қатыса алады.

Биліктегі «Нұр Отан» партиясы Ақорда жаңа парламент сайлауы туралы жариялардан едәуір уақыт бұрын праймериз өткізіп алған.

2021 жылы 10 қаңтардағы науқан Тоқаев президент болғалы алғаш рет өтетін парламент сайлауы болмақ.

Биыл мамырда "Саяси партиялар туралы" және "Сайлау туралы" заңдарға енгізілген өзгерістерге сай, Қазақстанда саяси партияны тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті. Партиялар мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтаған кезде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруы тиіс. Қоғам белсенділері сайлау заңына тәуелсіз кандидаттардың сайлауға түсуіне мүмкіндік беретін өзгеріс енгізу қажет деп санайды.

Қазақстанда партия құрғысы келетін азаматтар тіркеу кезіндегі бюрократиялық кедергілерге қоса қуғындалатынын айтып, жиі шағымданады.