Accessibility links

Мәскеу әуежайларында мыңнан аса тәжік азаматын Ресейге кіргізбей жатыр


Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Мәскеу әуежайларында Ресейге заңды түрде кірмек болған мыңнан аса азамат өте алмай тұрғанын мәлімдеді. Ақпаратқа қарағанда, санитария талаптарына сай келмейтін жерде отырған оларға ыстық тамақ берілмеген.

Министрлік мәліметінше, жексенбі, 28 сәуір күні таңертең Внуково әуежайының уақытша ұстау аймағында 954 тәжік азаматы болған, арасында Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер де бар. Біраз уақыттан кейін олардың арасынан 322 адам шекара бақылауынан өткен. Ал 306 адамды Ресей жағы еліне қайтаруды жоспарлап отыр.

"Мұндай шектеу шаралары тек Тәжікстан азаматтарына қатысты қолданылды", - деп хабарлады Тәжістан СІМ.

Ресей билігі бұл оқиға жөнінде түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін Тәжікстан СІМ ел азаматтарына Ресейге бармауға кеңес берген еді. Мекеме мәлімдемесінде ол жөнінде тікелей айтылмаған, бірақ құқық қорғаушылар бұл ұсынысқа "Крокус Сити Холл" концерт залындағы шабуылдан кейін Тәжікстан азаматтарының Ресей құқық қорғау органдарынан қысым көргені түрткі болды деп есептейді.

Ресей билігі Тәжікстан азаматтарын "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл жасады деп айыптап жатыр. Айыпталушылардың кемінде біреуі ұстау және жауап алу кезінде азаптауға ұшыраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG