Accessibility links

"Шын жүректен өкінді". Самат Әбіштің 8 жыл шартты жаза алғаны наразылық туғызды


Астана, 6 мамыр, 2014 жыл. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) немере інісі, сол кездегі ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбішті марапаттап тұр.
Астана, 6 мамыр, 2014 жыл. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) немере інісі, сол кездегі ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбішті марапаттап тұр.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі,ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 8 жылға шартты жаза алды. Самат Әбіштің ауыр қылмыстық іс бойынша айыпталып, шартты жаза алғаны наразылық туғызды.

45 жастағы Самат Әбіштің 8 жылға шартты жазамен сотталғаны жайлы ақпаратты 19 наурыз кешкісін мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи әлеуметтік желіде таратқан. Кейін бұл ақпаратты басқа сайттар мен телеграм-каналдар тарата бастаған соң, 20 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Самат Әбіштің шартты жазамен сотталғанын растап, ақпарат таратты. Бірақ сот таратқан ақпаратта көп жайт анық емес.

Соттың хабарлауынша, іс жабық әрі құпия қаралып, прокурор судьядан Самат Әбішті 8 жылға бас бостандығынан айыруды, оны лауазымды қызмет атқару құқығынан 10 жылға шектеуді сұраған.

Сот Самат Әбішті Қылмыстық кодекстегі "Қызметін асыра пайдалану" бабымен (362-баптың 4-тармағы) айыпты деп тауып, 10 жылға лауазымды қызмет атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығынан айырған. Ал Қылмыстық кодекстің 63-бабымен ("Шартты түрде соттау") шартты жазаға ауыстырған.

"Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ" деп мәлімдеді сот.

Үкімде Самат Әбіштің мүлкі тәркіленбейтіні айтылған. Бұған қоса, сот ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Самат Әбішті атақтары мен мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізген.

ҚазТАГ ақпарат агенттігі 362-баптың 4-тармағы Қылмыстық кодекстегі аса ауыр бап екенін, "қызметін асыра пайдаланып, өзінің пайдасы үшін басқа адамдарға я ұйымдарға зиян тигізген" аса ауыр қылмысқа, коррупциялық қылмысқа 63-баптағы шартты жаза қарастырылмайтынына назар аударған.

"ЕСКІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЫҚПАЛЫН КӨРСЕТТІ"

238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына байланысты ауыр айып тағылған Самат Әбіштің шартты жаза алғаны желіде наразылық туғызып, кейбір мәжіліс депутаттары үкімге қарсылық білдірді. Депутат Абзал Құспан "берілген жаза тым жеңіл" деп есептейді. Ол үкімге қатысты прокуратураға ресми хатпен қайырылатынын айтады.

Ал мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи "8 жыл шартты жаза беру күлкілі. Бұл үкім "ескі Қазақстанның" ықпалын көрсетеді. ҰҚК-да қызметі жағынан екінші қызметте болған адам осындай жаза алса, демек, "ескі Қазақстанның" ықпалы әлі бар деген сөз" деді ол. Депутат Ринат Зайытов "мемлекетке әсер еткен оқиғаға қатысы бар адамға шартты жаза беру – әділдік жүйесіне ұят" деді.

Самат Әбіштің ісін бақылап жүрген журналист Данияр Молдабеков "Пятое января" телеграм-каналында 8 жылдық шартты жазаны "Қаңтарда Алматы әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған белсенді Әйгерім Тілеужанның 4 жылдық түрме жазасымен (Тілеужан айыпты мойындамайды) салыстырды.

"Самат Әбіш билік пен оның пропагандасы "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деген контекст негізінде қызметін асыра пайдаланды деп айыпталды. Ол шартты жазамен бостандықта. Ал Әйгерім Тілеужан әуежай маңында "шапалақтап", 4 жылға түрмеге қамалды. "Жаңа Қазақстанның" алдында билікті асыра пайдалану әуежай алдында "шапалақтаудан" қауіпсіз болып тұр ғой? Тоқаев "отбасымен" күресіп жатыр деп біздің миымызды ашытып жүрген пропагандистерге енді қалай қараймыз?" деп жазды Молдабеков телеграм-каналында.

САМАТ ӘБІШ ІСІНІҢ ХРОНИКАСЫ

Самат Әбіш елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған тұста, 2015 жылы 25 желтоқсанда ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді. Кейін Қаңтар оқиғасынан соң ҰҚК сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бірнеше орынбасары қылмыстық іспен ұсталып, ал Самат Әбіш тек қызметінен босаған.

Самат Әбіш
Самат Әбіш

2022 жылы 22 маусымда ҰҚК Әбіштің "әлде бір іс бойынша тергеу назарында" екенін айтқан еді. 29 шілдеде оның Кәрім Мәсімов ісі бойынша тергелгені хабарланды (Мәсімов Қаңтар оқиғасы кезінде "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "билігін асыра пайдаланды" деп 18 жылға сотталды).

Қаңтар оқиғасы бойынша істе айыпталушылардың бірі, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов былтыр қыркүйектегі сотта "өзіне бұйрықты Самат Әбіш бергенін" айтқан еді. Ысқақовқа "билігін асыра пайдаланды", "адамды бостандығынан заңсыз айырды", "қылмыстық топ құрып, басқарды" дейтін айыптар тағылған.

Ал 19 қыркүйекте бас прокуратура Самат Әбіштің тергеліп жатқанын мәлімдеді. Биыл 15 қаңтарда оның ісі сотқа кеткені хабарланған еді.

Небәрі 37 жасында ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымына қол жеткізген Әбішті сарапшылар билік транзитіне дейін Назарбаевтың ықтимал мұрагері ретінде қарастырған.

Самат Әбіш 2022 жылы қыркүйекте туған ағасы Қайрат Сатыбалдының ісінде көрінген еді. Бұл оның Қаңтар оқиғасынан кейін жұртқа алғаш және соңғы рет көрінуі еді. Самат Әбіштің соттағы ағасына "Әлхамдуллила, Құдайға шүкір, амал жасап жүрмін!" деген сөзі жұрт есінде қалған.

Самат Әбіш пен Қайрат Сатыбалды – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 34 жасында қайтыс болған інісі Сатыбалды Назарбаевтың балалары. Қайрат Сатыбалдыны Forbes Kazakhstan іскерлік басылымы 2018 жылы елдегі ең ықпалды кәсіпкерлердің қатарына қосқан. Қайрат Сатыбалды да Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, кейін заңсыз жолмен "Қазақтелекомнан" 12,7 млрд теңге, "Қазақстан теміржолы" компаниясына тиесілі "Көлік сервис орталығынан" 28,6 млрд теңге жымқырған деп алты жылға түрмеге қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG